ТАҢБАЛАУ – тауардың тартымдылығын, тұрақтылығын, тазалығын сапасын һәм қауіпсіздігін көрсетеді.

         Өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы мәдениеттілікті сақтайтын көрсеткіштердің негізгісі – таңбалау. Техникалық регламенттер мен нормативтік құжаттарға сәйкес рәсімделген таңбалау өндірушінің табиғатын танытса, тұтынушының таңдауына жол береді. Өнімнің атауы, құрамы, қасиеті, дайындалған және жарамдылық мерзімі сияқты өнімнің немесе бұйымның қайда, қашан, қалай жасалғандығын білдіретін ақпараттары бар таңбалау тұтынушыны қанағаттандыруға тиіс.

«ҰлтССО» АҚ Қостанай филиалының мамандары өнімнің таңбалауын әзірлеуде өндірушілерге қызмет көрсетеді. Әр өнім мен бұйымның өзіндік нормативтік құжаттарымен қатар үстіміздегі жылдың 1-шілдесінен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 21 мамырындағы №348-НҚ бұйрығымен бекітілген «Өнімнің таңбалануына қойылатын талаптар»,  техникалық регламентін басшылыққа аламыз.

Таңбалауға неге басты назар аударудың таға да көптеген себептері бар. Таңбалауы жоқ немесе Қазақстан Заңдарына сәйкес емес рәсімделген өнімнің сапасы мен қауіпсізідігіне жауаптыны табу қиын. Мұндай өнімдер шекарадан заңсыз өткен немесе күдік туғызатын өндірушілер өндірген. Тұтынушылардың таңбалауға қоятын талаптарының арқасында саудадағы өнімдердің сапасын арттырсақ, көлеңкелі бизнестің де аяғына тұсау салынар еді. Мұндай экономикалық тұрғыдан басқа ең басты назарда адамдардың денсаулығы болуға тиіс.

Тұтынушылар  тамақ өнімдерін сатып аларда олардың құрамына жіті қараса, ет өнімі деп сатылатын кейбір күдікті өнімнің құрамынан ет таба алмайсыз. Сүт өнімінің құрамында сүт болмауы мүмкін. Бұл әрине, күлкілі де, жыларлық та жағдай, дегенмен жасанды өнімдердің асығы алшысынан түсіп тұрған қазіргі уақытта өз пайдасын ойлайтындардан бәрін күтуге болады.

Мұндай ерекшеліктерге қойылатын талаптар 2011 жылдың 09 желтоқсанында Кедендік одақ комитетінің №881 Шешімімен бекітілен КО ТР 022-2011 «Тамақ өнімдерінің таңбалау бөлімі» техникалық регламентімен реттеледі.

Уақытпен бірге технологиялар да өзгеріп, сапа аренасына электронды таңбалаулар шықты. Келешегі бар электронды таңбалау көптің көзін ашып, келеңсіз көп жағдайларды жолға қояры сөзсіз, бұл бөлек әңгіме.

 

 

Мұхтар Сибанбаев,

Қостанай филиалының жетекші маманы